НАУРЫЗ ТІЛЕК!
Бұл кезде жарар долы өзен тас тығырығын,
Көнеден көші жалғасқан дәстүр. Ұлы күн!
Төбесіне кеп жайғасқан қыран қазақсың,
Тектіліктің еш теңселмес хас тұғырының.
Қалады ұзап кететін жылдан аз көрік,
Бірде мәз болып өтетін, бірде араз болып.
Тезіне бірге түседі шын татулықтың,
Дүдамал күнде жүргендер дүрдараз болып.
Көбесін сөгіп көк мұздың жылға аққан әні,
Сап тізген құстар қанатын бұлғап қағады.
Алты айдан қалған бір асым сүрлерін асап,
Жамау көңілді жамағат жырғап қалады.
Берілер дала тербетер қыр самалға ерік,
Жайдары көңіл шуақтан нұр сауар бөліп.
Жағасы, жеңі, етегі, тұлғасы аппақ,
Шапанын шешіп қара жер бусанар келіп.
Жүздерін жұрттың бұратын құбылаға нақ,
Іздерін аңдып, артынан шұғыла қадап.
Оң жақ қолының саусағы буынсыз келген,
Елдің арасын жүреді Қыдыр аралап.
Енді кешпеген қасірет қайраңы болсын,
Алаштың жұрты ақшуақ айнаны көрсін.
Қаймана қазақ, қадірлі Қыдыр атамыз,
Сенің де шаңырағыңның мейманы болсын!
.
